2016-2017 оқу жылының
1-жартыжылдығында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дарынды оқушылармен жүргізілген жұмыстар
туралы есеп
2016-2017 оқу жылының басында әзірленген жоспар бойынша бірінші жартыжылдықта дарынды оқушылармен түрлі жұмыстар жүргізілді. Қыркүйек айында пәнге бейім деп іріктелініп алған мынадай оқушылармен қосымша жұмыс атқарылды. Олар 6-сынып оқушылары Жұмажан Алмаз бен Айтбай Дильназ, 9 «А» сынып оқушылары Арив Аяулы мен Идрисова Айдана және 10-сынып оқушылары Өмірбек Нұрлан мен Елмұратова Көркем. Осы оқушылардың шеберліктерін шыңдау бағытында түрлі шаралар ұйымдастырылды десем артық айтқан болмаспын. Қыркүйектің шымылдығын ашқан тілдер мерекесіне орай аудандық
тілдерді оқыту орталығы ұйымдастырған «Азаттықты ана тілде жырлаймыз» атты жас
ақындар байқауына қатысқан Жұмажан Алмаз, Айтбай Дильназ, Идрисова Айдана, Арив
Аяулы, Өмірбек Нұрлан орталық директорының Алғыс хатымен салтанатты түрде
марапатталды. Осы орталық өткізген дөңгелек үстелде Өмірбек Нұрлан өзінің төл
туындысын көпшілік назарына ұсынған болатын.
Дала қоңырауы болған алғашқы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің 175 жылдығына арналған қашықтықты облыстық эсселер байқауына
Арив Аяулының «Қалдырған ізің мәңгілік» тақырыбындағы жұмысы ұсынылса, Өмірбек
Нұрланның «Мемлекеттік қызмет -елдің
мүддесіне адал еңбек» желісіндегі эссесі де осындай облыстық байқауға жолданды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясындағы
ұйымдастырылған шығармалар байқауына Арив Аяулының «Тәуелсіздік-қасиет тұнған
ұлы ұғым» желісіндегі жұмысы ұсынылып, бүгінгі таңда нәтижесін күтудеміз.
Қаламы біртабан шыңдалып қалған Арив Аяулы, Елмұратова Көркем және Беркін Айгүлім мектепішілік пәндік олимпиадаға қатысты. Аяулы мен Көркем аудандық олимпиадаға жолдама алып бағын сынады. Қорытынды нәтиже бойынша Аяулы 3-орын иеленсе, Көркем 2-орынды қанжығасына байлады.
10-сынып оқушысы Ариф Гүлжан қазақ тілі пәнінен ұлттық интернет олимпиадасына қатысып, сертификат иегері атанды.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығына арналған мерекелік кеште ақындар тобына ілескен Өмірбек Нұрлан, Арив Аяулы, Жұмажан Алмаз, Айтбай Дильназ өздерінің тәуелсіз елдеріне арнаған жырларын ортаға салды.
Пән мұғалімі: Балшых А.