Сауат ашу кезеңінде балалардың жас ерекшеліктеріне қойылатын педагогикалық талаптар.
Оқу жұмысын ойдағыдай жүргізу үшін балалардың жас ерекшеліктері мен жеке ерекшеліктерін, олардың зейін, қабылдау, ес, ойлау, қиял ерекшеліктерін, сезім, ерік жақтары мен қабілет, темперамент, мінез сияқты жеке қасиеттерін жақсы білу керек. Бастауыш сынып баласының зейіні тұрақсыз, оның толқуы сабақ үстінде күшті, ал бөліну қасиеті мүлде жоқ десе десе де болғандай, көлемі өте шағын болады. Сондықтан оқудың алғашқы күнінен бастап-ақ балаларды тыңдай білуге оңай тапсырмаларды орындап жүруге үйрету керек. Бұлардың зейіндері заттарды бақылай білу, олармен жұмыс жасау (әріптерден сөз құрау) арқылы тәрбиеленеді. Балалар суреттерді көргенде, әңгіме ертегі тыңдағанда зейіннің тұрақтылығы арта түседі.
Сабақ- тарда пайдаланылатын ойын элементтері, іс-әрекеттің нәтижелі түрлері, іс- әрекет формаларын жиі өзгерту- балалар зейінін тәрбиелеуге көмектеседі. Балалардың ес ерекшеліктері - логикалық сөздік байланыстардан гөрі көрнекі бейнелердің басым болуы. Сөздік материалды олар механикалық түрде,мағынасына түсінбестен жаттап алады. Тәрбиеші бұл ерекшелікке де көңіл аударуы тиіс.
Мектепалды даярлық тобының балаларының қабылдауы мен ойлауында да толып жатқан ерекшеліктер бар. Олар ажырата қабылдауды білмейді, тұтас қабылдайды. Осыған орай, Тәрбиеші тапсырма бергенде дәлдеп, бөліктерге бөліп беру немесе заттармен құбылыстардың құрамымен таныстыру т.б. ескергені жөн. Мысалы, олар алғашқы буын, дыбыс сөз терминдерін шатастырады. Тәрбиеші бірте-бірте бұл сөздердің әрқайсысының мағынасын ажыратып, мәнін аңғаруға үйретеді. Ажырата қабылдауға салыстыру арқылы да үйретуге болады. Мұнда тек әріптерді, дыбыстарды, буындарды, сөздерді ғана салыстырып қана қоймай, заттарды, құбылыстарды да салыстыруға болады. Мысалы, тауықты құстар қатарына қосуға бола ма? Сұрағы арқылы, егер болса, қандай белгілеріне қарай құс дейміз? Егер болмаса, неліктен құстар қатарына жатпайды? т.б. салыстыруды іске асыруға болады.
Оқытудың мазмұны оқушылардың жас ерекшелігіне сай болуға тиіс.Алайда оқылатын материал үнемі оңай, жеңіл-желпі орындалатындай болы қажет деген ұғым тумаса керек. Оқыту процесінде щамасы жететін қиыншылықтарды өз күштерімен жойып отыруға балаларды мәжбүр жасаған жөн.Өйткені қиындыққа кездеспейінше, ойлау белсенді қызмет атқара алмайды.Ал, екінші жағынан, шамасы жетпейтін қиындыққа кездессе, ой тежелуге ұшырайды, ерік күші мұқалады. Ендеше, бұдан шығатын қорынды - сабақтың түсінікті болуы шарт.
Балалар оқып үйренетін сауат ашу дәптері жекелеген суреттер, сюжетті суреттер, түрлі-түсті бояумен әдемі салынған схемалар, жұмбақтар және жаттығулар берілген. Бұл кезде балалар, жоғарыда көрсетілгендей, сөз, дыбыс, буын, сөйлем деген сияқты дерексіз ұғымдармен кездеседі. Бұл ұғымдардың нақтылап түсіндіру үшін көрнекі құралдардың ( схема, сурет, кеспе әліппе, таблицалар т.б.) пайдасы мол. Көрнекіліктерді ойын ретінде пайдалануға болады. Оның барлығы сабақтың нақты мақсатына байланыстырып беріледі.
Мұнда тағы да ескерілетін жай- бірден бірнеше көрнекілік ұсынуға немесе керегі болсын- болмасын, кез-келген көрнекілікті ( олар тіпті ашық түрлі түспен боялған, әдемі әшекейленген болса да) ұсына берудің қажеті жоқ.
Себебі басы артық, тым көп көрнекілік те балалардың зейінін жинақтау, тұрақтандыру емес, керісінше, алаңдатып, зиянын тигізуі мүмкін.
Тәрбиеші балалардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, қарым-қатынас жасау барысында олардың жауап беру ерекшелігін, белсенділік
көрсету қарқынын, жүріп-тұру қалпын қиналған жерлері мен жіберген қателіктерін есепке ала жүріп, әр қайсысына сұрақ қойғанда баланы жігерлендіретіндей, өз күшін байқай алатындай, анағұрлым бір пайдалы жұмыс болу жағын мұқият іздестіреді.
Сауат ашу кезінде оқушыларды сөз бен сөйлемдерді саналы, дұрыс оқуға дағдыландырумен қатар, әріп элементтері мен жекелеген әріптерді түзу жазып дағдыландыру барысында балаларға табиғат, адамдардың өмір сүруі жөнінде мағлұматтар беріліп, олардың айналадағы заттар мен құбылыстар туралы түсінігі кеңінен түсінеді.
Педагогиканың талабы бойынша, сауат ашудың бірінші күнінен бастап-ақ бұның тәрбиелік мәніне зор көңіл бөлінеді.
Оқыту мен тәрбие, жеке тұлғаны дамуы- бір-бірінен ажыратуға келмейтін, тұтас бір процесс болғандықтан , оқытудың тәрбиелік мәнінің өзі ақыл-ой тәрбиесіне жатады.
Балалардың эстетикалық талғамын дамыту ертегі,көркем әңгіме, өлең, оқу, сурет, музыка т.б. арқылы іске асырылады.
Баланың бастаған істі аяқтап шығу, көздеген игі мақсатына жету, ұқыптылық, уақытты дұрыс пайдалану т.б. мінез-құлық сапалары да сауат ашу кезеңінде тәрбиелене бастайды.
Сөйтіп, рухани-адамгершілік, достық, ұлттық дәстүрді сақтау, Отанын, халқын шын жүректен сүю, эстетикалық, еңбек тәрбиесі т.б. жұмыстардың негізі сауат ашу кезеңінде –ақ қалана бастады.
Сауат ашу әдістемесіне қойылатын талаптар
1. Сабақтың мақсаты мен тақырыбы балаларға бірден тұтас айтылмайды.
Сабақтың әрбір кезеңінде бөліп-бөліп айтылады. Сабақтың соңында бүгінгі сабақта не білгені, не үйренгені туралы оның қорытындысы шығарылады.
2. Тапсырма бөлшектеліп, мазмұны бойынша қысқа-қысқа сөйлеммен (сұрақтармен) беріледі.
3. Сабақтың әрбір кезеңінде (түсіндіру, сұрау, тексеру,) бүкіл балалар белсенді болу керек (тыңдау, жеке тапсырма орындау т.б.) «Балалардың жұмыстың көптігінен емес, жұмыссыздықтан шаршайтындығын естен шығармау керек» (К.Д.Ушинский)
4. Сабақта көрнекілік пен дидактикалық материалдар тым өрескел көп болмауы керек. Оларды әрбір кезеңнің мақсаты мен міндетіне сай келетіндей, бұрынырақ іріктеп пайдаланған дұрыс.
5. Оқу сабақтарында тақтадан, кеспе әліппеден, таблицадан, әліппеден т.б. көп оқытуға көңіл бөлінуі қажет. Мұнда тіл дамыту, байланыстыра сөйлеуге үйрету, сын пікір білдіруге үйретіп отырған жөн.
6. Жазу сабақтарында дыбыстық талтауға көңіл бөлінеді. Ұқсас дыбыстарды салыстыру және жазылуы ұқсас әріптердің сызығын салыстыру т.б.