Шәкірт жеңісі-ұстаз жемісі Мектеп – жастардың талантын шыңдап, даналардың түлеп ұшар тұғыры. Ұлттық рухани байлығы- білімінде болса, ұстанар бағыты – тәрбиесінде. Ал, білімнің сарқылмас көзі – мектепте. Мектеп - білім ордасы. Оқушы бойына адамгершілік пен имандылық, инабаттық пен нәзіктік сынды қасиеттерді сіңірте отырып, білім нәрімен сусындатады. Ана сәбиі шыр етіп дүниеге келгенде ақ сүтінің нәрін берсе, ұстаз білім нәрін себеді. Ал сол берген білімі мен үйреткен имандылығының бірден-бір көрінісі ол түрлі деңгейдегі байқаулар мен жарыстар болса керек. Осы орайда жылдағы дәстүр бойынша ағымдағы оқу жылында Егіндікөл аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Пәндік олимпиаданың аудандық кезеңі өткізілді. Ауданның барлық мектептерінен 7-11 сынып оқушылары 2 күн бойы сайысқа түсті. 2 кезең нәтижесі бойынша үздік деп танылған оқушылар 1,2,3 дәрежелі дипломдармен марапатталды. Ал ерекше деп танылған 1-дәрежелі диплом иегерлері жеңімпаз атанды және Облыстық пәндер олимпиадасына бару мүмкіндігіне ие болды. Облыстық кезеңге жолдама алған №1 Егіндікөл орта мектебінің 3 оқушысы қаңтар айының 5-6 аралығында Көкшетау қаласына барып, пәндік олимпиаданың облыстық кезеңінде бақтарын сынады. 10-сынып оқушысы Серікбол Әсел-қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен, жетекшісі Алиякбарова А.С., 11-сынып оқушысы Нұрбол Берікжан- Қазақстан тарихы пәні, жетекшісі Даиров С.З. және 10-сынып оқушысы Хасен Дильназ- география пәні, жетекшісі Галамхан Ж. Облыстың барлық өңірінен барлық пәндер бойынша 405 оқушы жиналып, білім шыңын бағындыруға үміткер болды. Бірінші күні оқушылар І-кезеңде оқушылар эссе жазып, сарамандық жұмыстар орындады. Қорытындысы бойынша Әсел де, Дильназ да, Берікжан да ІІ-кезеңге жолдама алды. Кешкі уақытта театрға барып, керемет өнер тамашалаған оқушылар жаңа күш жинап, екінші күні пәндік олимпиаданың ІІ-кезеңіне кірісті. Бұл кезеңде оқушылар теориялық білімдерін сынға салды. Жалпы 2 кезең қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды. Салтанатты жабылу рәсімінде Хасен Дильназ бен Нұрбол Берікжан қатысқандары үшін сертификатпен марапатталса, Серікбол Әсел ерекше білімімен көзге түсіп, 1-кезеңде 50 ұпайдың 49 ын иеленіп, 2-кезеңде 50 ұпайдан 40 ұпайды еншілеп, 3-дәрежелі диплом иегері атанып, қола медальды қанжығасына байлады. Оқушылар осындай сайыстардың оларға берер тәлім-тәрбиесі көп екендіктерін айтып, шын білім сайысында көштен қалмауға тырысып, №1 Егіндікөл орта мектебінің және Егіндікөл ауданының намысын лайықты қорғауға тырыстық,-деп келді. Осы бір аламанда ойға алған мақсатымызды орындап, білім берген ұстаздарымыз, аялап өсіріп отырған ата-анамыз бен бізге үлкен сенім артқан мектеп әкімшілігі, аудандық білім бөлімі мамандарының үмітін ақтау – мен үшін үлкен мәртебе,- деді сөзінің соңында Әсел. Осындай білім сайыстарында ұстаздары мен ата-аналарының үмітін ақтап, білімін баршаға паш ете білген Әселді атаулы жеңісімен құттықтаймыз. Алдағы уақытта талай білім шыңдарына бағындыра беретіндігіне сенеміз. Аудан орталығында орналасқан осынау білім ошағының дарынды да талантты оқушылары №1 Егіндікөл орта мектебі атын асқақтатып жүргендігі – мектеп ұжымының жүйелі әрі еселі еңбегінің жемісі екендігі сөзсіз...